Әбу-Дабиде өткен Asian Nations Chess Cup 2026 турнирінің соңғы турында Қазақстан әйелдер құрамасы Үндістанды 2,5:1,5 есебімен жеңіп, қола медаль иеленді. Ал ерлер құрамасы Моңғолияны ұтып, жарысты төртінші орынмен аяқтады, деп хабарлайды Sport+.
Қазақстандық шахматшылар турнирді қатарынан екі жеңіспен бастады. Олар Шри-Ланка мен Өзбекстан құрамаларын бірдей 3:1 есебімен ұтты. Үшінші турда Ресейге 1,5:2,5 есебімен есе жібергенімен, төртінші турда Жаңа Зеландияны 4:0 есебімен ойсырата жеңді. Алайда Қытайдан 0,5:3,5 есебімен жеңілгеннен кейін команда төртінші орынға сырғыды.
Қазақстан құрамасы соңғы турдың алдында Моңғолияны 3,5:0,5 есебімен жеңіп, үздік үштікке қайта оралды. Бұл кездесуде Ксения Балабаева, Елназ Қалиахмет және Лия Құрманғалиева жеңіске жетсе, Меруерт Камалиденова тең ойнады.
Нәтижесінде Қазақстан әйелдер құрамасы үшінші орынға тұрақтады. Күміс медаль Қытайға, ал алтын жүлде Ресей құрамасына бұйырды.
Ерлер құрамасы төртінші орын алды
Қазақстан ерлер құрамасы жарысты БАӘ-нің екінші командасын 4:0 және Шри-Ланканы 3:1 есебімен жеңуден бастады. Үшінші турда Үндістанға 0,5:3,5 есебімен есе жіберіп, кейін БАӘ-нің бірінші құрамасынан 3,5:0,5 есебімен басым түсті.
Ресеймен кездесуде төрт партия да тең аяқталды — 2:2. Ал Өзбекстанға қарсы ойында Денис Махнёвтің жеңісі мен үш тең нәтиженің арқасында қазақстандықтар 2,5:1,5 есебімен жеңіске жетті.
Жетінші турда Қазақстан Қытайға 1,5:2,5 есебімен жол берді. Алайда соңғы екі кездесуде жеңіске жетті. Малайзияға қарсы матчта (3,5:0,5) Денис Махнёв, Жандос Агманов және Даниял Сапенов өз партияларын ұтты.
Соңғы турда Қазақстан Моңғолияны да 3,5:0,5 есебімен жеңді. Бұл кездесуде Алдияр Ансат, Әлішер Сүлейменов және Даниял Сапенов жеңіске жетсе, Жандос Агманов тең ойнады.
Осылайша, Қазақстан ерлер құрамасы тоғыз кездесудің алтауында жеңіске жетіп, бір рет тең ойнады және екі мәрте жеңілді. 13 командалық ұпай жинаған отандастарымыз төртінші орынға тұрақтады.
Ресей құрамасы чемпион атанса, Үндістан қосымша көрсеткіштер бойынша екінші орын алды. Қытай үздік үштікті түйіндеді.
Турнир туралы
Классикалық шахматтан Азия елдерінің кубогы 10–17 қараша аралығында БАӘ астанасы Әбу-Дабиде өтті. Әйелдер арасындағы жарысқа 12, ал ерлер додасына 20 команда қатысты.
Жарыс 90+30 уақыт бақылауымен ұйымдастырылды. Әр ойыншыға 90 минут беріліп, алғашқы жүрістен бастап әр жүріс үшін қосымша 30 секунд қосылды. Ерлер швейцариялық жүйе бойынша тоғыз, ал әйелдер жеті тур өткізді.
Қазақстан әйелдер құрамасы:
Меруерт Камалиденова — IM (2400);
Ксения Балабаева — WGM (2396);
Елназ Қалиахмет — WIM (2383);
Лия Құрманғалиева — WGM (2344);
Зарина Нұрғалиева — WIM (2292).
Қазақстан ерлер құрамасы:
Денис Махнёв — GM (2581);
Әлішер Сүлейменов — GM (2508);
Алдияр Ансат — GM (2502);
Даниял Сапенов — IM (2501);
Жандос Агманов — GM (2487).
