Жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты: жарыстың екінші күнінің қорытындысы
Астанада жеңіл атлетикадан Қазақстан Республикасының XXXV чемпионаты жалғасуда, деп хабарлайды Sport+.
Жарыстың екінші күні 100 және 110 метрге кедергілер арқылы жүгіру, 200, 3000 метрге кедергілер арқылы және 400 метрге кедергілер арқылы жүгіру, биіктікке және сырықпен секіру, үш қарғып секіру, диск лақтыру, сондай-ақ 4×100 және 4×400 метрлік аралас эстафеталар бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Жарыстың екінші күні тартысты финалдық сайыстар өтті. Әйелдер арасында 100 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Шығыс Қазақстан облысының өкілі Юлия Башманова чемпион атанса, ерлер арасында 110 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Қарағанды облысының спортшысы Давид Ефремов жеңіске жетті.
Әйелдер арасында 200 метрге жүгіруде Астана қаласының өкілі Виктория Ан алтын медаль иеленсе, ерлер арасында Қарағанды облысының өкілі Виталий Земс чемпион атанды.
3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Шымкент қаласының спортшысы Ақбілек Құралбай мен Алматы қаласының өкілі Ислам Аманғос жеңімпаз болды.
Секіру сайыстарында ерлер арасында биіктікке секіруден Анатолий Люцько (Шымкент) жеңіске жетсе, сырықпен секіруден Максим Балабин (Алматы) үздік нәтиже көрсетті. Үш қарғып секіруден әйелдер арасында Қарағанды облысының өкілі Мария Ефремова, ал ерлер арасында Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы Максим Ваняйкин чемпион атанды.
Диск лақтыруда Шымкент қаласының өкілі Томирис Ерматова мен Маңғыстау облысының спортшысы Евгений Лабутов жеңімпаз болды.
400 метрге кедергілер арқылы жүгіруде Қарағанды облысының өкілдері Аделина Земс пен Вячеслав Земс алтын медаль жеңіп алды.
4×100 метрлік аралас эстафетада Алматы қаласының құрамасы топ жарса, 4×400 метрлік аралас эстафетада Павлодар облысының құрамасы жеңіске жетті.
Бүгін чемпионаттың қорытынды жарыс күні өтеді. Спортшылар 5000 және 800 метрге жүгіру, балға лақтыру, 4×400 метрлік аралас эстафета және әйелдер арасындағы жетісайыс бойынша жүлделерді сарапқа салады.
Айта кетейік, чемпионаттың негізгі жарыстары Қазақ ұлттық спорт университетінің жаңа стадионында өтуде, ал лақтыру сайыстары Qazaqstan жеңіл атлетика кешенінің аренасында ұйымдастырылуда. Чемпионат қорытындысы бойынша 2026 жылғы Азия ойындарына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының құрамы жасақталады.