Жас каратешілер Еуропа чемпионатында жүлде салды
Румынияда өткен киокушинкай-кан каратэден Еуропа чемпионатында Теміртаудың ОРБЖСМ тәрбиеленушілері төрт алтын мен күміс медаль жеңіп алды. Жарыс Клуж-Напока қаласында өтті. Сайысқа 25 елден 600-ден астам жауынгер қатысты. Қазақстан құрамасы дайындық пен жоғары деңгейлі шеберліктерін көрсете отырып, жалпы командалық үшінші орынға ие болды. Бұл туралы Қарағанды облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Ката және кумите түрлері бойынша бес теміртаулық өнер көрсетті.
Айдос Айдаров (14–15 жас, 40 келіге дейін) ката және кумите бөлімдерінде жеңіске жетіп, екі дүркін чемпион атанды. Кумитэде Нұрбол Саматов (14–15 жас, 50 келіге дейін) және Темірболат Алдабергенов (14–15 жас, 55 келіге дейін) алтын медаль, ал Артем Грушанский күміс (14–15 жас, 55 келіге дейін) алды.