Зарина Дияс Алматыда жас теннисшілермен шеберлік сағатын өткізді
Қазақстандық ойыншы Зарина Дияс Алматы қаласында жас теннисшілермен шеберлік сағатын өткізді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Юрий Щукиннің Билли Джин Кинг кубогінің Жапониямен сырт алаңда 12-13 сәуірде өтетін іріктеу матчына қатысу үшін Заринаны командаға қосқаны белгілі. Жарақатына байланысты ұзақ үзілістен кейін З.Дияс ел намысын қорғамақшы.
ЦСКА теннис орталығында Зарина әрбір қатысушымен доп қағысып, жеке кеңестерін берді.
«Балалармен ойнағаныма өте қуаныштымын. Олардың тенниске деген қызығушылығы өте жоғары. Қазақстанда теннис қарқынды дамып келеді. Сондықтан елімізден көптеген чемпиондар шығатынына сенімдімін. Шеберлік сағатына балалар мен ата-аналардың көптеп келгені қуантады», - деді Зарина Дияс.
Шеберлік сағатынан кейін Зарина өз жанкүйерлеріне қолтаңбасын таратып, суретке түсті. Сондай-ақ алдағы жоспарларымен бөлісті.