Волейболдан Қазақстан чемпионатының 2024 жылдың соңғы ойындары өтті
Өскемен қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты екінші турының ойындары аяқталды, деп хабарлайды Sport+ Kazinform сайтына сілтеме жасай отырып.
Соңғы күні фавориттердің бәрі де жеңіске жетті.
Сербиялық Марко Гршич жаттықтыратын «Жетісу» (Талдықорған) «Ақтөбені» 3:0 (25:18, 25:22, 25:9) есебімен оңай ұтып, турнир кестесінде 38 ұпаймен көш бастады.
Алаң иелері «Берел» (бас бапкері Ришат Гилязутдинов) командасы «Ертісті» 3:0 (25:23, 25:17, 25:19) есебімен қапы қалдырып, ұпай санын 36-ға жеткізді.
Нұрлан Садықов баптайтын «Қарағанды» Оралдың «Грация KZ» клубын 3:0 (25:19, 25:16, 25:16) есебімен жеңіп, 33 ұпаймен үшінші орынға көтерілді.
Ал тартысты матчта ел чемпионы «Тұранға» 2:3 (25:16, 25:15, 22:25, 11:25, 9:15) есебімен жол берген «Қуаныш» (СҚО) төртінші сатыға ығысты.
Осылайша, түркістандықтар жаңа маусымда мойны озық командалармен тайталаса алатынын дәлелдеп, қоржынындағы 25 ұпаймен бесінші орынға жайғасты.
Алматылықтар камбэк жасап, «Ару-Астананы» 3:2 (24:26, 26:28, 25:14, 25:20, 15:12) есебімен тізе бүктірді.
«Алматы» мен «Ақтөбе» 15 ұпаймен 6-7-орындарды бөлісуде.
Екінші тур қорытындысы бойынша әр командадан үздіктер анықталды.
«Ақтөбе» - Наиля Нигматулина;
«Жетісу» - Валерия Чумак;
«Алматы» - Диляра Амангелді;
«Ару-Астана» - Сәния Балағазинова;
«Қарағанды» - Наталья Хазова;
«Грация KZ» - Элина Надыршина;
«Тұран» - Бота Уатаева;
«Қуаныш» - Анастасия Кудряшова;
«Ертіс» - Дарья Инина;
«Берел» - Томирис Сағымбаева.
Осымен, биылғы ойындар өз мәресіне жетіп, үшінші тур бәсекелері жаңа жылда болады.