Волейболдан Қазақстан чемпионаты: «Жетісу» «Ертісті» жеңіп, бірінші орынға шықты
Сербиялық маман Марко Гршич жаттықтыратын талдықорғандықтар жұма күні көш соңындағы «Ертісті» (Павлодар) 3:0 (25:12, 25:6, 25:8) есебімен ойсырата жеңді, деп хабарлайды Sport+ Kazinform.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
«Жетісу» 28 ұпаймен бірінші орында тұр. Бірақ оны бір ойыны кем «Берел» (Өскемен) қуып жете алады. Оралдың «Грация KZ» командасын 3:0 (25:21, 25:13, 25:17) есебімен тізе бүктірген «Қуаныш» (СҚО) 24 ұпаймен үшінші сатыда келеді.
«Ақтөбені» 3:0 (25:21, 25:22, 25:17) есебімен ұтқан «Қарағанды» 21 ұпаймен төртінші орынға орнықты. Осыған дейін екі рет қатарынан жеңілген ел чемпионы «Тұран» (Түркістан) бұл жолы «Алматыны» 3:1 (25:21, 23:25, 25:14, 25:17) есебімен қапы қалдырды. Түркістандықтар 17 ұпаймен бесінші сатыда келеді.
Сенбі күні «Алматы» - «Ақтөбе», «Ару-Астана» - «Тұран», «Ертіс» - «Қарағанды», «Жетісу» - «Қуаныш», «Грация KZ» - «Берел» командалары өзара ойнайды.