Волейболдан ел чемпионатының үшінші туры жалғасуда

Талдықорғанда волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының III турында «Павлодар» мен «Атырау» өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды Sport+ Kazinform сайтына сілтеме жасай отырып.
Павлодарлықтар өткен жылы күміс жүлдегер атанса, атыраулықтар төртінші орынға табан тіреген еді.
Биыл қос команда да ала-құла ойын өрнегін көрсетуде. Бұл жолы Ислам Жұмабеков баптайтын атыраулықтар 3:2 (29:27, 20:25, 20:25, 25:23, 15:12) есебімен басымдылық танытты.
«Павлодар» 28 ұпаймен 5-орында қалса, «Атырау» (22 ұпай) 6-сатыда тұр.
Алаң иелері «Жетісу» СҚО-ның «Есілінен» 3:1 (22:25, 25:23, 25:22, 25:19) есебімен айласын асырып, 31 ұпаймен үздік үштікке қайта кірді.
«Жайық» (Орал) 46 ұпаймен көш бастаса, «Ақтөбе» (35 ұпай) екінші орында келеді.
Дүйсенбіде командалар бір күн демалады.