Волейболдан әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатының үшінші туры жалғасуда

Петропавл қаласында волейболдан әйелдердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты үшінші турының ойындары өтіп жатыр, деп хабарлайды Sport+ Kazinform сайтына сілтеме жасай отырып.
Жұма күні алаңға алғашқы болып «Алматы» мен «Ақтөбе» командалары шықты.
Осыған дейін қос клуб 18 ұпайдан жинап, турнир кестесінде 6-7-орындарда тұрған еді. Бұл жолы камбэк жасаған ақтөбеліктер 3:1 (24:26, 25:12, 25:9, 25:17) есебімен жеңіске жетіп, 21 ұпаймен 6-сатыға көтерілді.
Өткен жылғы ел чемпионы «Тұран» (Түркістан) «Ару-Астананы» 3:0 (25:15, 25:20, 25:13) есебімен қиындықсыз жеңді.
Түркістандықтар 37 ұпаймен үздік төрттікті түйіндеп тұр.
Көш соңындағы Павлодардың «Ертісін» 3:0 (25:21, 25:18, 25:15) есебімен тізе бүктірген «Қарағанды» 36 ұпай жинап, 5-сатыға тұрақтады.