Ұлттық падел федерациясы өңірлермен ынтымақтастықты нығайтуда
Қазақстанның Ұлттық падел федерациясы еліміздің өңірлерінде падел спортын дамыту бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды Sport+.
Жұмыс сапары аясында Федерация өкілдері Ақтөбе және Ақтау қалаларына барып, падел орталықтарын салу жобаларын жүзеге асырып жатқан жергілікті кәсіпкерлермен кездесті.
Сапардың негізгі мақсаты — өңірлік бастамалармен танысу, аймақтардағы паделді дамыту перспективаларын талқылау, сондай-ақ Федерацияның қызметі мен негізгі жұмыс бағыттарын таныстыру болды. Кездесулер барысында тараптар халық арасында паделді кеңінен насихаттау, жарыстар ұйымдастыру және жаттықтырушылар құрамын даярлау мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, Федерация өкілдері өңірлік бастамаларды қолдау шаралары туралы айтып, Қазақстанда паделді одан әрі дамыту үшін кәсіпкерлер қауымдастығымен тығыз ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.
Ақтау қаласында Федерация өкілдері кәсіпкер Ерпанов Ғабитпен кездесті. Ол қала орталығында орналасатын төрт ашық падел кортынан тұратын заманауи Garden Court спорт кешенінің құрылысын жүзеге асыруда. Кешеннің ашылуы биылғы жаздың соңына дейін жоспарланған.
Ал Ақтөбе қаласында Федерация өкілдері Сәрсенғалиұлы Исатай жүзеге асырып жатқан APadel жобасымен танысты. Жоба аясында екі падел орталығын салу көзделген. Алғашқы орталықта төрт жабық корт болады және оны 2026 жылдың жазының соңына дейін пайдалануға беру жоспарланып отыр. Екінші орталық келесі жылы ашылады. Онда жеті жабық және төрт ашық падел корты қарастырылған.
«Бүгінде дәл өңірлер Қазақстандағы паделдің негізгі даму нүктесіне айналып отыр. Біз падел орталықтарына инвестиция салуға дайын кәсіпкерлердің қызығушылығы жоғары екенін көріп отырмыз. Өз тарапымыздан қажетті әдістемелік, ұйымдастырушылық және сараптамалық қолдау көрсетуге дайынбыз. Осындай серіктестіктің арқасында паделді еліміздің барлық өңірінің тұрғындары үшін қолжетімді ете аламыз деп сенемін», — деді Қазақстан Ұлттық падел федерациясының президенті Арслан Абулғазин.