UFC Белалдың қарсыласын ресми түрде тағайындады. Бұл Шавкат емес

UFC қазіргі жартылай орта салмақтағы чемпион, АҚШ өкілі Белал Мұхаммадтың (24-3) қатысуымен өтетін титулдық жекпе-жекті ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Sport+.
10 мамыр күні Канаданың Монреаль қаласында өтетін UFC 315 турнирінің басты оқиғасында Мұхаммад австралиялық Джек Делла Маддаленамен (17-2) чемпиондық белбеуін қорғайды. Алдымен бұл туралы инсайдер Марсель Дорфф хабарлады, кейіннен промоушн бұл кездесуді әлеуметтік желілерде ресми түрде растады.
Жанкүйерлер үшін бұл жаңалық күтпеген жағдай болды, өйткені көпшілік Мұхаммадтың келесі қарсыласы қазақстандық, дивизион рейтингісінде екінші орында тұрған Шавкат Рахмонов (19-0) болады деп күткен еді. Өткен жылдың желтоқсан айында «Номад» ирландиялық Иэн Гэрриді жеңіп, титулдық жекпе-жекке басты үміткер атанған болатын. Әзірге UFC-дің не себепті Шавкатқа титулдық мүмкіндік беруден бас тартып, Белалға басқа қарсылас таңдағаны белгісіз.