Титул үшін тартыс: Wilders «Болашақ ойындарының» екі дүркін чемпиондарын жеңіп, Phygital Basketball финалында 100 000 доллар иеленді

Титул үшін тартыс: Wilders «Болашақ ойындарының» екі дүркін чемпиондарын жеңіп, Phygital Basketball финалында 100 000 доллар иеленді

Samruk-Kazyna қолдауымен өтіп жатқан «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) халықаралық турниріндегі Phygital Basketball presented by Halyk Fund дисциплинасының финалы сенсациялық нәтижемен аяқталды, деп хабарлайды Sport+.

Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде өткен шешуші матчта Wilders командасы «Болашақ ойындарының» екі дүркін жеңімпазы LIGA PRO TEAM ұжымын тоқтатты. Тартыс соңына дейін жалғасқанымен, қоссайыстың екі кезеңінде де үміткерлер фавориттерден басым түсіп, финалда 36:26 есебімен жеңіске жетті.

Финал цифрлық кезеңдегі жоғары қарқынмен басталды. Wilders ойыншылары виртуалды симуляторда өз тактикасын тиімді жүзеге асырып, алғашқы бөлікті 19:16 есебімен өз пайдасына аяқтады.

Нақты алаңдағы ойын шешуші сәтке айналды. Wilders қорғаныста сенімді өнер көрсетіп, қалқан астында басымдық танытты және физикалық кезеңде атақты қарсыласын 17:10 есебімен жеңді.

Үшінші орын үшін өткен матч та аса тартысты болды. Dangerous командасы Triada ұжымын 39:36 есебімен жеңіп, қола жүлдені иеленді.

Цифрлық кезеңде Triada аз ғана басымдықпен 19:18 есебімен алға шыққан еді.

Алайда серия тағдырын физикалық дайындық шешті. Dangerous нақты алаңда ойын қарқынын күшейтіп, қарсыласын 21:17 есебімен жеңіп, жалпы есепте басым түсті.

«Біздің команданың басты күші — өзара түсіністік, соңына дейін күресуге дайын болу және бапкердің тапсырмаларын бұлжытпай орындап, бір-бірімізді қорғау, — деді Wilders командасының спортшысы Сергей (AcademiK) Козлов. — LIGA PRO TEAM-мен цифрлық кезеңде тең дәрежеде ойын болатынын білдік. Ал физикалық бөлім өте ауыр өтті, мұнда үш минуттың ішінде-ақ қатты шаршайсың. Бірақ біздің мерген Сэм өз міндетін мінсіз атқарды: оған қарсы кім тұрғаны маңызды емес, ол допты лақтырып, дәл түсіреді. Біз бар күшімізді салдық, бұл жолы сәттілік біздің жағымызда болды».

Дисциплинадағы 16 қатысушы арасында жүлде қоры төмендегідей бөлінді:

1-орын: Wilders — 100 000 доллар.
2-орын: LIGA PRO TEAM — 60 000 доллар.
3-орын: Dangerous — 35 000 доллар.
4-орын: Triada — 25 000 доллар.
5–8-орындар — әр командаға 20 000 доллардан.
9–12-орындар — әр командаға 15 000 доллардан.
13–16-орындар — әр командаға 10 000 доллардан.

Жалпы жүлде қоры 4,65 миллион долларды құрайтын Samruk-Kazyna қолдауымен ұйымдастырылған «Болашақ ойындары 2026» (GOTF 2026) халықаралық турнирі Астанада 9 тамызға дейін жалғасады. Турнирді Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қазспортинвест» АҚ ұйымдастыруда.

Жарыс бағдарламасы жалғасуда. 4 тамыздан бастап Phygital Football UFL, Phygital Shooter CS 2 және MOBA Mobile MLBB турнирлері басталады. Phygital Dancing жарыстары 6–7 тамызда, ал Phygital Fighting бәсекелері 8 тамызда өтеді.



Күн шежіресі