Су спортынан Азия чемпионатында құрама қоржыны тағы 4 медальмен толықты
Филиппин елінің Нью-Кларк-Сити қаласында су спорты түрлерінен өтіп жатқан XI Азия чемпионатының үшінші жарыс күні басталды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Аталған додада бүгін 1 метрлік тұғырдан суға секіруден жекелей сайыстар өтті. Бұл сында ұлдар арасында Назар Қожанов күміс медаль жеңіп алса, қыздар арасындағы бәсекеде Диана Жұмағұлова қола жүлдеге қол жеткізді.
Тұғырдан суға секіруден бас жүлдені ерлер арасында Жапония спортшысы жеңіп алса, үшінші орынға кувейттік атлет тұрақтады. Қыздар арасында Малайзия спортшысы жеңімпаз атанса, екінші орынға вьетнамдық ие болды.
Сонымен қатар бүгін әйелдер арасында А тобында 400 метрге еркін әдіспен жүзуден қазақстандық Диана Тасжанова 4:17.57 уақыт көрсеткішімен күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл сында жергілікті спортшы 4:17.00 уақыт көрсеткішімен чемпион болды. Қола медаль Вьетнам (4:22.90) спортшысына бұйырды.
Ал В тобында 200 метрге еркін әдіспен жүзуден жерлесіміз София Абубакирова қола медальға ие болды. Бұл қашықтықта бас жүлдені Гонконг спортшысы, күмісті вьетнамдық спортшы місе тұтты.