Спорттан кейінгі өмір: өзін өзі жоғалтып алмаудың жолы

Бүгінгі спорттың өзекті мәселелерінің бірі — спортшылардың кәсіби мансапты аяқтағаннан кейінгі қалыпты өмір жалғастыруы, нақтырақ айтқанда спортсыз өмірге бой үйретуі. Өкінішке қарай, кейбір спортшылар бұл бейімделу кезеңінен лайықты түрде өте алмай жатады, спорттан тыс «басқа әлемге» көшу күйзеліске әкеп соқтыруы да ғажап емес. Осы материалда «спорттан кейінгі өмір» және оған дұрыс бейімделу жайында сөз қозғаймыз.
Мамандардың айтуынша, кәсіби спорттан кейін адам тап болатын негізгі бірнеше қиындық бар:
- Өзін өзі жоғалту. Бала кезден өз өмірін тек спортпен байланыстырған адам енді өмірдің мәнін жоғалтқандай, іші үңірейген күйде қалады.
- Қаржылық мәселе. Спортпен әуре боп жүргенде қаражат жинамайды, қосалық жұмыстар қарастырмайды.
- Командасынан кеткен спортшы жалғызсырап, қолдаушыларын жоғалтқандай күй кешеді.
- Психикалық денсаулық мәселелері: депрессия, күйзеліс. Әсіресе амалы жоқ, жарақатпен кетуге тура келсе.
Статистика бойынша, спортшы үшін ең қиын кезең кәсіби спорттан кейінгі алғашқы 1-2 жыл. Депрессия қаупі 15-30% жағдайда орын алады. Спорттан тыс өмірге психологиялық тұрғыда алдын ала дайындалғандар бұл кезеңнен сәтті өтеді.
БІЛІМ — МАҢЫЗДЫ ҚҰРАЛ
Грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері, бүгінде әкімдік қызметтегі Нұрбақыт Теңізбаев бұл кезеңнен оңай өтуге білім көмектескенін айтады. «Өзім спортшы болып жүріп көп кітап оқитынмын, университетте де жақсы оқуға тырыстым. Артымнан ерген Демеу Жадыраев сынды спортшы інілеріме де білімнің маңыздылығын жеткізуге тырысатынмын. Спорт — уақытша белес. Әрі қарай білім керек. Дегенмен, спорт бізді тұлға ретінде шыңдады. Еңбекқорлық, мақсатқа ұмтылу, шыдамдылық сынды қабілеттерді дамытты. Сол қасиеттер қазіргі жұмыста көп көмегін тигізеді. Оған қоса жеңіс те, жеңіліс те уақытша екенін және оған масаттанбай немесе еңсеңді түсірмей, әрі қарай еңбектенуді де спорт үйретті.
Әр мықты спортшы мықты бапкер бола бермейді. Бұл жанкештілікті қажет ететін мамандық. Бір бапкер мыңдаған шәкірт тәрбиелейді, олардың бәрі кәсіби спортшы болып кетпейді. Сол үшін әркімнің өз жолы бар, сол жолды барынша ерте анықтап, өзін дайындай берсе оңай болады»
МАМАНДАР КЕҢЕСІ
Спорттық мансаптың шыңында жүргенде-ақ аренадан тыс өмірді ойлануды бастай беру керек. Бұл ой тұрғысындағы дайындықтан бөлек, алдын ала білім алу, жаңа қабілеттер меңгеру және кәсіби байланыс орнату сынды іс-әрекеттерден де тұратын процесс.
Маманның көмегіне жүгіну: Психотерапия немесе коучинг эмоционалдық қиындықтарды еңсеріп, болашаққа жоспар құруға демеу бола алады. Жаңа қызығушылықтарды дамыту: спортшыға басқа бағытта да өзінің қажеттілігін сезіну маңызды.
Спортпен байланысты үзбеу. Жаттықтырушы, менеджер, сарапшы сынды мамандық бойынша өзінің сүйікті спорт саласында әрі қарай қызмет ету.
СПОРТТАН КЕЙІН ДЕ ӨМІР БАР
Өкінішке қарай, жоғарыда айтылған мәселелер уақытылы ескерілмей, өзін өзі жоғалтқан мықты спортшылар да бар. Биыл Қазақстан халқын ауыр атлетикадан әлем чемпионатының жүлдегері Алмас Өтешовтің күйі алаңдатты. Біраз үзілістен соң сұхбат берген ол кәсіби спорттан кейін оны «пайдаланып, тастап кеткендей» әсерде болғанын айтқан. Алайда, спортшы болу бірінші кезекте әр азаматтың өз жауапкершілігі және спорттық мансап аяқталуы — заңдылық, әрі қарай сол абыроймен басқа да қызмет атқаруға болатынын түсінген жөн. Осы тұрғыда елімізде де, әлемде де жақсы мысалдар аз емес: әйгілі Майкл Джордан — ірі кәсіпкер, ал Арнольд Шварценеггер — актер әрі саясаткер. Қазақстан Мәжіліс депутаты — Ардақ Назаров және тағы басқалары.
Өмірінің үлкен бөлігін кәсіби спортқа арнаған адам қайсар мінезді, қиындыққа төтеп бере алатын, патриот жан екені сөзсіз. Сондықтан да, экс-спортшылар халықтың арасында жүріп, үлкен жиындарда рухтандыратын сөз сөйлеп, қиын кезеңде жүрген адамдарды жігерлендіре түссе де, қоғамға пайдасы орасан зор. Заманауи сөзбен айтқанда, бұрынғы спортшылар нағыз мотиваторға айналуына толық мүмкіндігі бар.
ҚОРЫТЫНДЫ
Кәсіпқой спортшылардың бейімделу процессінде отбасының алар орны ерекше. Жақындарының қолдауы физикалық тұрғыда мықты болса да, бұл адамдардың жанына зор көмек. Сонымен қатар, шетелде бұрынғы спортшыларға көмектесетін арнайы бағдарламалар бар. Мүмкін, осы бағыттағы бағдарлама Қазақстанға да керек болар. Өйткені, «қарапайым өмірге» дұрыс бейімделе білген спортшы өз еліне әлі де көп пайдасын тигізері сөзсіз. Спорттық мансаптың аяқталуы — жаңа өмірлік кезеңнің басталуы. Ең бастысы алдын ала қамдану, спортта шыңдалған тұлғаның басқа салада өзін көрсетуге мүмкіндік жасау.