logo

Sport Plus Qazaqstan «Хабар» агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Sport Plus Qazaqstan «Хабар» агенттігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

«Хабар» Агенттігі» АҚ мен «Sport Plus Qazaqstan» медиатобы ұзақмерзімді әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Ол спорттық трансляцияларды өзара алмасу, оларға лицензия алу, өндіріс барысында ықпалдасу сынды бағыттарды қамтиды. 

Өздеріңізге белгілі, Агенттіктің спорттық телевизия саласында өзіндік қалыптасқан дәстүрі бар. «Хабар» 20 жылдан астам уақыттан бері Олимпиада ойындарын көрсетіп келеді. Сондай-ақ ірі спорттық жарыстардың көрсетілімін ұйымдастыруда мол тәжірибеге ие. Қазіргі таңда да Агенттіктің екі арнасы Париждегі Олимпиада ойындарын эфирден беруге белсенді дайындық үстінде

«Sport Plus Qazaqstan» 2023 жылы құрылған нарықтағы жаңа ойыншы. Қосынында спорт саласындағы майталман медиа менеджерлер мен журналистерді қамтиды. Медиатоп құрамына кіретін телеарнасы бүкіл Қазақстан аумағында кабель желілер, сондай-ақ Otau TV тегін пакетінде қолжетімді. Сонымен қатар Астана, Алматы мен Атырау қалаларында еркін тамашалауға болады. Арна қазақ және орыс тілдерінде тәулігіне 20 сағат бойы хабар таратады. Негізгі контенті —  аралас ұрыс жекпе-жегі, кәсіби бокс, футбол, теннис бойынша тікелей көрсетілімдер. Ұлттық спорт түрлері де арна эфирінен орын тапқан.

Осындай синергиялық даму жолы Қазақстанда спортты, салауатты өмір салтын насихаттауға кеңінен мүмкіндік береді деген сенімдеміз. Алдағы үлкен дода — Париж Олимпиадасында бізбен бірге болыңыздар!