logo

Сергей Емельянов: Бізге қателесуге болмайтын еді

Сергей Емельянов: Бізге қателесуге болмайтын еді

Қазақстандық ескек есушілер Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров байдарка мен каноэде есуден Азия біріншілігінде олимпиада жолдамасын жеңіп алды. Олар екі адамдық каноэде 500 метрге жүгіруден мәреге бірінші болып келді. Olympic.kz сайтына сұхбат берген Емельянов Азия чемпионатындағы көрсеткішін бағалады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan. 

«Барлығы керемет өтті. Тіпті, біз жоспарлағаннан да жақсы өтті. Финалдық кезеңде барлығы біз үшін жақсы аяқталды. Командалас серігіммен бірге ойлаған жоспарымыз жарыс басталғаннан-ақ жүзеге асты. 

Негізгі қарсыластарымыз – Иран, Өзбекстан және Жапония экипажы болатын. Кеше өткен іріктеу сынында біз 400 метр бойы Өзбекстанмен иық тірестіріп келдік те, соңғы 100 метрде сәл  алға озып кеттік. Бүгін де осындай тартысты жарыс болады деп күткенбіз.

Бірақ бүгін біз мықтырақ болдық. Олардан бір жарым секундқа озып кеттік. Ауа райының нашарлығына қарамастан, ара қашықтықты ойдағыдай жүзіп өткеніміз қуантады. Желге байланысты біраз бәсеке өз уақытынан кешігіп басталды.

Жалпы алғанда, нәтиже көңілімнен шығады. Бір ғана лицензия берілгендіктен, қателесуге болмайтын еді. Ертең миксте сынға түсемін. Бұл жаңа бағдарлама, болашақта Олимпиада ойындарының тізімінен де көретін шығармыз.

Әрі қарай 1000 метрлік жарыста бақ сынаймын. Бұл қашықтық та Олимпиада бағдарламасына енген. Бірінші және екінші орын алған спортшыларға квота беріледі. Бірақ мен жолдама алып қойғандықтан, тек медальға ғана таласамын. 

Өткен Олимпиада ойындарында екі адамдық каноэмен 1000 метрлік жарысқа қатыстым. Қазір 500 метрлік қашықтыққа ауысқанымды айта кетейін. Бұл әлдеқайда жеңілірек маған. Маған ұзақ қашықтықтан гөрі, 200 немесе 500 метрге жарысқа ыңғайлы екен. Токио Олимпиадасынан соң біраз өзгеріс жасадық. Өзіме деген сенім де артты. Енді жақсы нәтиже көрсету үшін бар күшімізді саламыз», - деді спортшы.