logo

Шахмат Олимпиадасы: Қазақстандық ойыншылар 6-турда қандай нәтиже көрсетті

Шахмат Олимпиадасы: Қазақстандық ойыншылар 6-турда қандай нәтиже көрсетті

Мажарстан астанасы Будапештте өтіп жатқан 45-ші шахмат Олимпиадасында (45th FIDE Chess Olympiad) еліміздің ерлер және әйелдер құрамасы кезекті ойынын өткізді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі атап өткендей, Қазақстан ерлер құрамасы (2513, №41) Оңтүстік Африка Республикасын (2302, №79) 3½–½ есебімен сенімді түрде жеңді. Жігіттеріміздің арасынан Махнёв, Нөгербек, Сүлейменов қарсыластарынан айласын асырса, Аңсат тең есепті қанағат тұтты.

Енді ерлеріміз Әзербайжанмен (2657, №12) бақ сынасады.

Әйелдер құрамасы болса (2373, №10), рейтинг жағынан төмен Кубаға (2215, №29) еш мүмкіндік қалдырмады. Есеп: 4:0. Меруерт Камалиденова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман мен Амина Қайырбекова да қателікке жол бермеді.

Аруларымыз енді ТОП-10-дағы Әзербайжанмен (2398, №6) өзара мықтыны анықтайды.

Барлығы 183 елдің қатысуымен өтіп жатқан шахмат Олимпиадасында әйелдер құрамасы 10 ұпаймен 6-орында тұрса, ерлеріміз 8 ұпаймен 35-орында келеді.

Айта кетейік, бесінші турда жерлестеріміз Үндістан мен Румыния командаларымен шеберлік байқасты.