«Самұрық-Қазына» кәсіби спорт клубтарына бөлетін қаражатты қысқарта ма?
«Самұрық-Қазына» өкілі ақшаны спортқа қор бөлгенімен, оны кімге қаншадан үлестіру керектігін Туризм және спорт министрлігінің өзі шешетінін айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
«Бұл жерде айту керек, «Самұрық-Қазына» спортқа жыл сайын Үкімет қабылдаған шешімдер аясында қаражат бөліп отырады. Бұл қаражат біздің есептерде көрсетілген. Сома жылдан-жылға бір деңгейде.
Бірақ бұл қаражатты әрі қарай Туризм және спорт министрлігі таратады. Қаражаттың өзгеруіне келсек, ол келіп түскен сұранысқа байланысты. Жыл сайын сома өзгеріп отырады. Бірақ көбейіп жатыр деп айта алмаймыз. Бұл жерде Туризм және спорт министрлігі қанша сұраса, сонша береміз деген сөз емес. Бізде де шектеулер бар, Соның аясында бөлеміз», - деді М.Өтепов.
Департамент директорының сөзінше, 2020 жылдан бері «Самұрық-Қазына» ешбір спорт клубына тікелей қаржы аудармаған.
«Бұл салаға қаржы бөлуден бас тарту мәселесіне келсек, қазір қордың қарамағында спорт клубтары жоқ. Кезінде болғанымен, толықтай Спорт министрлігіне берілген. 2020 жылға дейін бәрін беріп шықтық.
Қазіргі таңда спорт жөніндегі бірыңғай оператор деген ұйым бар. Қателеспесем, 2020-21 жылдардан бастап біз бөлгені ақшаны қалай үлестіретінін Туризм және спорт министрлігі шешетін болған», - деді Мират Өтепов.