Сайрамкез Ақмолда Азия чемпионатында ауыр атлетикадан күміс жүлдегер атанды
Ташкентте (Өзбекстан) ауыр атлетика бойынша Азия чемпионаты өтуде. Қазақстандық Сайрамкез Ақмолда 67 килограмм салмақ дәрежесінде күміс жүлдесін иеленді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Ол жұлқа көтеруде 126, серпе көтеруде 166 келіні басынан асырып, қос жаттығудың қорытындысында 292 келі көрсеткішпен 2-орын иеленді.
Бірінші орынды Солтүстік Корея өкілі Ри Вон Джи 317 килограмм (137+180) нәтижемен иеленді. Үшінші орын тайландтық Терават Рафетке бұйырды, ол барлығы 286 килограмм (128+158) көтерді.
Азия чемпионатында Париж Олимпиадасына қатысуға арналған рейтингтік ұпайлар таратылады. Құрлықтың бас жарысы 10 ақпанға дейін жалғасып, онда 34 елден 192 спортшы қатысады.