Рамзан Кадыровтың спортшы ұлы оныншы наградасына ие болды
Шешенстан басшысы Рамзан Кадыровтың ұлы, аралас жекпе-жекте бағын сынап жүрген 16 жастағы Адам Кадыров тағы бір мемлекеттік сыйлыққа ие болды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Бұл жолы оған республикадағы ең жоғары марапат – Ахмат Кадыров атындағы орден табысталған.
Бұл туралы ұлттық саясат және сыртқы байланыс министрі Ахмед Дудаев мәлімдеп, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.
«Бұл – оның жоғары адамгершілік қасиеттері мен адалдығына берілген лайықты баға. Адам – нағыз мұсылман және шешен ұлтының өкілі ғана емес, ол өз халқының абыройын асқақтатып жүрген патриот», — деп жазды Дудаев.
Айта кету керек, Адам Қадыров былтыр Құранды өртеп ұсталған Никита Журавлевті түрмеге барып ұрған болатын. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырған соң кіші Қадыровқа жан-жақтан мемлекеттік наградалар табыстала бастады. Бір жылдан астам уақытта Адам Қадыров дәл осындай он награда алып үлгерген. Тек былтырғы қазан айының өзінде оған үш бірдей орден тағылды.
Адам Қадыров аралас жекпе-жекпен де айналысады.