Құдірет Шәмиев: Алтай таеквондо одағының құрылуы — Қазақстандағы осы спорт түрін дамытудың маңызды қадамы

Құдірет Шәмиев: Алтай таеквондо одағының құрылуы — Қазақстандағы осы спорт түрін дамытудың маңызды қадамы

Қазақстан таеквондо федерациясының президенті Құдірет Шәмиев Астанада өтетін Altaic Taekwondo Championships және Qazaqstan Open турнирлерінің қарсаңында Алтай одағының құрылуының, сондай-ақ елімізде осындай жарыстарды өткізудің маңыздылығына тоқталды.

«Шын мәнінде, Алтай таеквондо одағының құрылуы — біз үшін өте маңызды қадам. Қазақстандағы таеквондоның дамуы жаңа парақтан басталып отыр. Біз жаңа стратегия бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бұрын бұл спорт түрі дамымады деп айтуға болмайды, алайда қазір өз стратегиямызды жүзеге асырудамыз. Жаңа лиганың құрылуы тәжірибе алмасуға және спортшыларымыздың дамуына үлкен мүмкіндік береді.

Мұндай турнирлерді ұйымдастыру оңай жұмыс емес. Жыл соңында біз Гран-при финалын, ал келесі жылы әлем чемпионатын өткіземіз. Қазір Астанада ұйымдастырылып жатқан осы екі ірі турнир біз үшін үлкен дайындық алаңы іспетті.

Сонымен қатар, дәл бізге осындай ауқымды жарыстарды өткізу сеніп тапсырылғаны — өткен жылғы еңбегіміздің нәтижесі. Біз ірі төрешілер семинарын ұйымдастырдық, сондай-ақ халықаралық күнтізбеге енгізілген Qazaqstan Open турнирін өткіздік. Осы арқылы халықаралық деңгейдегі жарыстарды жоғары дәрежеде өткізе алатынымызды дәлелдедік.

Өткен жылы Qazaqstan Open турниріне 700-ден астам спортшы қатысса, биыл олардың саны 1200-ден асты. Бұл көрсеткіш жыл сайын арта береді. Қытайда өткен әлем чемпионатына шамамен 3000 спортшы қатысқан еді, ал Қазақстанда өтетін чемпионатқа бұдан да көп қатысушы келеді деп жоспарлануда. Себебі бұл Олимпиада алдындағы әлем чемпионаты болады және Лос-Анджелестегі Олимпиада ойындарына берілетін лицензияларды бөлу тұрғысынан ерекше маңызға ие. Сондықтан әлемнің ең үздік спортшылары түгелдей қатысады.

Әрбір турнирдің маңызы зор әрі ұйымдастыру жағынан күрделі. Астанада өтетін екі жарыс та рейтингтік санатқа жатады және әрқайсысы спортшыларға 10 рейтингтік ұпай әкеледі. Бұл біздің спортшыларымыздың Олимпиада ойындарына жолдама алу мүмкіндігін арттырады», — деді Құдірет Шәмиев.

Айта кетейік, 22–23 маусым күндері Астанада алғаш рет Алтай одағының чемпионаты өтеді. Ал 25–27 маусым аралығында жастар, жасөспірімдер және ересектер арасында Qazaqstan Open халықаралық рейтингтік турнирі ұйымдастырылады.

Екі турнир де тікелей эфирде Sport+ телеарнасынан көрсетіледі.



Күн шежіресі