Қазақстанның үстел теннисінен ұлттық құрамасының бас бапкері Асет Сағымбаев: Құрам шеберлігін арттырып, қарқынын көрсетіп жүрген теннисшілердің пайдасына қарай өзгереді
Алматыда үстел теннисінен WTT Contender Almaty халықаралық турнирі қарсаңында қазақстандық спортшылардың оқу-жаттығу жиыны өтіп жатыр, деп хабарлайды Sport+.
Ұлттық құраманың бас бапкері Асет Сағымбаев Қазақстанның үстел теннисі федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында өз әсерімен бөлісті:
«WTT Contender Almaty турнирі алдында техникалық-тактикалық дайындық бойынша оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Бұл спортшылар үшін де, Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасын қалыптастыру үшін де өте маңызды турнир. Құрама сапы шеберлігін арттырып, жақсы қарқын көрсетіп жүрген теннисшілердің пайдасына қарай өзгеретіні бұған дейін де айтылған болатын.
Бұл — үшінші оқу-жаттығу жиыны. Бізге тамаша жағдай жасап отырған республикалық федерация басшылығына алғыс айтқым келеді. Уқалаушы, йога маманы, фитнес бапкері — барлығы бір команда болып, үйлесімді жұмыс істеп жатыр.
Дайындық жоспарлы түрде жүріп жатыр. Беларусь, Ресей және Сауд Арабиясынан спарринг-серіктестер шақырылды. Оларға Швецияның бес дүркін әлем чемпионы, әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы Йорген Перссон жетекшілік етеді. Әрқайсысының өзіндік ойын мәнері бар және олармен өткізілген оқу-жаттығу жиыны өте пайдалы.
WTT Contender Almaty турнирінде спортшыларымыздан жақсы нәтижелер күтемін».