logo

Қазақстандық волейболшылар тартысты матчта Таиланд құрамасын ұтты

Қазақстандық волейболшылар тартысты матчта Таиланд құрамасын ұтты

Иса-Таунда (Бахрейн) волейболдан ерлер құрамалары арасында өтіп жатқан «AVC шақыру кубогі» турнирінде жарыстың екінші күні Қазақстан командасы Таиландты тізе бүктірді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

В тобында кеше Пәкстан құрамасына 0:3 (19:25, 19:25, 21:25) есебімен жол берген оралдық маман Виктор Козиктің шәкірттеріне шегінер жол жоқ еді. Егер осы жарыстың өткен жылғы чемпионы Таиландтан жеңіліп қалған жағдайда қазақстандықтарға тек 9-12 орындар үшін таласуға тура келетін.

Бас бапкер бұл жолы команда капитаны, Орал волейболының түлегі Виталий Вориводинге қоса Айбат Неталин, Нодирхан Қадырханов, Петр Чурзин, Нұрлыбек Нұрмахамбетов (байланыстырушы), Дамир Әкімов, Ерікжан Бөкенге (либеро) сенім артты. Арасында Асқар Серік сияқты волейболшылар да қосылды.

Бірінші партияда қазақстандықтар 25:21 есебімен басым түссе, екіншісінде таилықтар есе қайырды – 25:22. Үшіншісінде Қазақстан қайта алға шықты – 25:23. Төртінші сетте Таиланд дес бермеді – 25:19. Дегенмен бесінші партияда Орал волейболының тағы бір түлегі П.Чурзин ойын нүктесін қойды – 15:13.

Осылайша, Қазақстан құрамасы маңызды 2 ұпайға қол жеткізді. В тобында пәкстандықтар 6 ұпаймен алда тұр. Қытайда өткен Азия ойындарында Пәкстан үздік бестікке іліксе, қазақстандықтар 9-орын үшін бәсекеде таилықтарды ұтқан еді.

«AVC шақыру кубогінің» жеңімпазы «Сегіздік финалына» жолдама алады. Ал «Сегіздік финалында» Ұлттар лигасының бір ғана жолдамасы сарапқа салынады.

Өткен жылы Тайбэйде осы додада алғаш рет өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы 14 қатысушының ішінен 7-орынға іліккен еді.