Қазақстандық гимнастар Дохадағы лицензиялық турнирдің финалына шықты
Дохада (Катар) спорттық гимнастикадан әлем кубогының лицензиялық кезеңі басталды. Қазақстан құрама командасының төрт өкілі жарыстың финалына шықты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Гимнастикалық ат снарядында Нариман Курбанов іріктеуден екінші орын алып, финалға өтті. Айта кету керек, спортшы олимпиадалық лицензия үшін күресуде.
Милад Карими мен Дмитрий Патанин еркін жаттығудан ақтық сынға өтті. Карими іріктеуді бірінші, Патанин үшінші орынмен аяқтаған.
Әйелдер арасында Аида Бауыржанова да көзге түсті. Ол қол тіреп секіруден финалға жолдама алған сегіз спортшының қатарына енді.