logo

Қазақстандық 17 жасар спортшы Олимпиада жолдамасына таласады

Қазақстандық 17 жасар спортшы Олимпиада жолдамасына таласады

Қытайдың Тайань қаласында таеквондодан өтетін лицензиялық турнирде 17 жасар спортшымыз Олимпиада жолдамасына таласады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлім еткендей, Азия құрлығының іріктеу турнирі 15-16 наурыз аралығында өтеді

Аталған турнирде ел намысын қорғайтын спортшыларымыздың арасында 17 жасар Батырхан Төлеуғали да бар. Ол 80 келі салмақта Олимпиада жолдамасына таласады. Төлеуғали жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері (2022), ҚР VI жазғы Спартакиадасының жеңімпазы атанған.

Екінші спортшымыз 19 жасар Мария Севостьянова. Ол 57 келі салмақта сынға түседі. Севостьянова Олимпиада рейтингінде 44-орында тұр. ҚР VІ жазғы Спартакиадасының жеңімпазы.

Үшінші спортшымыздың жасы енді ғана 20 ға толған. 58 келі салмақта ел намысын қорғайтын Самирхон Абабакиров Олимпиада рейтингінде 39-орында келеді.

Төртінші спортшымыз құраманың көшбасшысы - Жансель Дениз. +67 келі салмақта ел намысын қорғап жүрген таеквондошымыз 33 жаста. Олимпиада рейтингінде 14-орында тұр.

Жоғарыдағы 4 спортшының ішінде Жансельден басқасы алғаш рет Олимпиада лицензиясы үшін таласады. Дениз Рио (2016 ж) мен Токио Олимпиадасына (2021 ж) қатысқан.

Қытайдағы жарыста Париж Олимпиадасының жолдамасына әр салмақта финалға шыққан екі спортшы ие болады. Барлығы турнирде 33 мемлекеттен келген таңдаулы 96 таеквондошы күш сынасады.

Бұл сары құрлық өкілдеріне лицензия берілетін соңғы жарыс екенін айта кетейік.

Қазір бас бапкер Нұрсұлтан Мамаев бастаған Ұлттық құрама Тайань қаласында дайындығын пысықтап жатыр.

Алғаш болып 15 наурызда даянгқа Батырхан Төлеуғали шығады. Ал қалған 3 атлетіміз ертесіне, яғни соңғы жарыс күні шеберлігін паш етеді.