Қазақстан үстел теннисінен командалық әлем чемпионатының 1/8 финалында жеңіліп қалды
Қазақстан ерлер құрамасы үстел теннисінен Ұлыбританияның Лондон қаласында өтіп жатқан командалық әлем чемпионатының ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
1/8 финалда қазақстандық спортшылар Жапония құрамасымен кездесті.
Алғашқы ойында Кирилл Герасименко Сора Мацусиманы 3:1 есебімен жеңді.
Кейін Томоказу Харимото Алан Құрманғалиевтен 3:0 есебімен басым түсіп, есепті теңестірді.
Одан кейін Айдос Кенжіғұлов пен Сюнсүке Тогами өзара мықтыны анықтады. Бұл кездесуде жапониялық спортшы 3:0 есебімен жеңіске жетті.
Төртінші матчта Кирилл Герасименко Томоказу Харимотоға 0:3 есебімен есе жіберді.
Осылайша, Жапония құрамасы жалпы есепте 3:1 нәтижесімен жеңіске жетіп, әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алды.
Қазақстан құрамасы жарысты 1/8 финал кезеңінде аяқтады. Бұл — ұлттық құраманың командалық әлем чемпионатындағы ең үздік нәтижесі.
Айта кетейік, Жапония ерлер құрамасы Токио Олимпиадасында командалық сайыста қола жүлдеге ие болған еді.