Қазақстан қозғалмалы нысанаға оқ атудан әлем чемпионатында екі күміс медаль жеңіп алды

Қазақстан қозғалмалы нысанаға оқ атудан әлем чемпионатында екі күміс медаль жеңіп алды

Қазақстан құрамасы Эстонияның Таллин қаласында өтіп жатқан қозғалмалы нысанаға оқ атудан әлем чемпионатында екі күміс медаль еншіледі, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Қос жүлде де жасөспірімдер санатында қоржынға түсті. Даниил Яковенко 10 метрден қозғалмалы нысанаға оқ атудан күміс жүлдегер атанды. Финалда отандасымыз финляндиялық Уильям Эрик Вилкманнан жеңіліп қалды. Ал қола медальді Оңтүстік Корея өкілі Ким Чжэмин иеленді.

Екінші күміс жүлдені Қазақстан қоржынына Еңлік Асқар салды. Ол да 10 метрден қозғалмалы нысанаға оқ атудан күміс медаль жеңіп алды. Финалда армениялық Аида Азатянға есе жіберсе, Украинаның өкілі Мирослава Шимко қола жүлдеге қол жеткізді.

Еске салсақ, бұған дейін осы әлем чемпионатында Фатима Ирназарова мен Валат Мусаев алтын медаль жеңіп алса, Зухра Ирназарова қола жүлдегер атанған болатын.



Күн шежіресі