Қазақстан әйелдер құрамасы ӘЧ-2027 іріктеу кезеңінің плей-оффында Ирландиямен кездеседі

Қазақстан әйелдер құрамасы ӘЧ-2027 іріктеу кезеңінің плей-оффында Ирландиямен кездеседі

Әйелдер арасындағы 2027 жылғы әлем чемпионатына Еуропадан іріктеу кезеңінің плей-офф жеребесі нәтижесінде Қазақстан құрамасының алғашқы қарсыласы анықталды, деп хабарлайды Sport+ ҚФФ сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан әйелдер құрамасы плей-оффтың бірінші кезеңінде Ирландия Республикасымен ойнайды. Матчтар 9 және 13 қазан айында өтеді. Алғашқы кездесуді Қазақстан өз алаңында қабылдаса, ал жауапты матч Ирландияда өтеді.

Плей-оффтың бірінші кезеңінде Ұлттар лигасының А дивизионында екінші және үшінші орын алған құрамалар С лигасының топ жеңімпаздары мен үздік командаларына қарсы ойнайды.

Егер Қазақстан құрамасы Ирландияны жеңсе, екінші плей-офф кезеңінде Бельгия — Польша жұбының жеңімпазымен кездеседі. Бұл матчтар 2026 жылғы 26 қараша мен 5 желтоқсан аралығында өтеді. Екінші кезеңде де жеңімпаз екі матч қорытындысы бойынша анықталады.

Еуропа аймағынан 2027 жылғы әлем чемпионатына барлығы 11 жолдама бөлінген. А лигасының топ жеңімпаздары — Дания, Франция, Германия және Испания тікелей финалдық кезеңге жолдама алды. Қалған жеті тікелей жолдама мен құрлықаралық плей-оффтағы бір орын плей-офф матчтарының нәтижесі бойынша сарапқа салынады.

Айта кетейік, 2027 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионаты 24 маусым мен 25 шілде аралығында Бразилияда өтеді.



Күн шежіресі