Павлодарлық «Ертіс» футбол клубы коммерциялық басқару үлгісіне көшетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sport+ клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жаңа жеке инвесторлармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Олардың қатарында «Павлодар өзен порты» АҚ (50%), «RR-CAPITAL» ЖШС (25%) және «Біріккен жеміс-көкөніс компаниясы» ЖШС (25%) бар. Бұл ретте мемлекет балалар мен әйелдер футболын дамытуды қаржыландыруды жалғастырады.

Аталған реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстандағы кәсіби футбол клубтарын коммерцияландыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

2020 жылдың мамыр айында «Ертіс» қаржылық қиындықтарға байланысты Қазақстан чемпионатынан шығып қалған болатын. Ал 2022 жылы клуб банкрот деп танылды. 2023 жылы команданы қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып, 2024 жылы «Ертіс» кәсіби футболға қайта оралды. Екі маусым ішінде павлодарлық клуб Екінші лигадан Премьер-лигаға дейін көтерілді.

2026 жылы клубты қолдауға 250 млн теңге бөлінді. Жыл соңына дейін тағы 250 млн теңге бөлу жоспарланып отыр. Алдағы уақытта жыл сайынғы инвестиция көлемі кемінде 1,5 млрд теңгені құрайды.