Парижде өткен Паралимпиада жүлдегерлеріне пәтер кілті табысталды
Қарағандылық спортшылар Дастан Мұқашбеков пен Даяна Федосова Париждегі XVII Жазғы Паралимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Паралимпиадашылар мен олардың жаттықтырушыларын Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады.
Жүлдегерлерге бір бөлмелі пәтерлердің кілттері мен 7 млн теңгеге ақшалай сертификаттар табысталды. Жаттықтырушылар 3 млн теңгеге ақшалай сертификаттармен марапатталды.
«Паралимпиадаға қатысу – еңбек. Ал сіздер медаль жеңіп алдыңыздар. Ол дегеніміз тіпті батырлық. Сіздердің әрқайсыларыңыз барынша күш-жігерлеріңізді жұмсап, дағдыларыңызды ортаға сала отырып, еліміздің намысын абыроймен қорғап шықтыңыздар. Бүкіл Қазақстан, әсіресе қарағандылықтар сіздерді мақтан тұтады. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Сіздерді жаттықтыруда орасан зор күш жұмсап, жанын берген бапкерлерге де рақмет», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Дастан Мұқашбеков – халықаралық және республикалық чемпионаттардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері. Париждегі Паралимпиадада ол атудан үшінші орын алып, Азияның жаңа рекордын орнатты. Оның медалі Қазақстан үшін Паралимпиада ойындарында осы спорт түрінен бірінші жүлде.