logo

Париж Олимпиадасының билеттері жаппай сатыла бастады

Париж Олимпиадасының билеттері жаппай сатыла бастады

2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарының ұйымдастыру комитеті спорттық іс-шараларға билеттердің жаппай сатылымы басталғанын жариялады, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

ҚР Ұлттық олимпиадалық комитет атап өткендей, акция 17 сәуірде басталған. Ұйымдастырушылар билет сатып алып үлгермеген жанкүйерлерге сыйлық жасап, Олимпиаданың басталуына 100 күн қалуын атап өтуді жөн көрген.

Осыған дейін бірқатар спорт түрлерінде билет сатылымы тоқтатылған еді. Алайда өткен күннен бері қарай акция арқылы туристер мен жанкүйерлерге олимпиадалық жарыстарды көруге соңғы мүмкіндік беріліп отыр. Ол үшін барлық спорт түрлеріне, соның ішінде орындар толық сатылып кеткен жарыстарға 250 мың билет сатылымға шығарылған.

Билеттердің ең төменгі бағасы – 24 еуро. Ұйымдастырушылар мұндай билеттердің 20 мың данасын ұсынып отыр. Қалғандарының құны спорт түріне байланысты болады және шамамен 1000 еуроға дейін барады.