Парапауэрлифтингтен Астана кубогі сарапқа салынып жатыр
Отандық параспорттың арасында ең мықты жетістігімен танымал парапауэрлифтингтен Астана қаласының кубогі басталды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Парапауэрлифтинг спортын 2016 жылы Рио Паралимпиадасында алғаш рет естідік. Себебі, дәл сол кезде осы спорттан Раушан Қойшыбаева тарихи бірінші күміс жүлдені иеленген болатын. Ал Токио Паралимпиадасында Давид Дегтярев бұл көрсеткішті жаңартып, чемпион атанды. Сондықтан да бұл спорт түрі елімізде танымал.
Осы орайда елорда төрінде парапауэрлифтингті одан әрі кеңінен дамыту мақсатында тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында бірінші рет Астана қаласының кубогі өткізіліп жатыр.
«Парапауэрлифтингтен жарыстар елімізде тұрақты түрде ұйымдастырылады. Ал кубоктік бәсекелердің өткізіліп жатқанына көп болмады. Біріншісі Қарағандыда, артынша Павлодар мен Алматыда өтті. Енді Астана қаласында да бастауын алды. Осы турнир арқылы қаладағы үздіктер сұрыпталып, ірі халықаралық жарыстарға баратын спортшылар анықталады. Парапауэрлифтингті құлағымызбен естіп жүргенімізбен, шынайы өмірде дамыту үшін тоқтап қалмауымыз қажет», - деді жарыстың ұйымдастырушысы Гүлнар Ахмолдина.
Бұл додаға Астана қаласынан бөлек, Екібастұздан жалпы 26 параспортшы бас қосты.