Пара бишілер арасында Қазақстан чемпиондары анықталады
Астанада тірек-қимыл аппараты зақымданған спортшылар арасында пара биден Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды, деп хабарлайды Sport+ csp-parasport.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Жарысқа еліміздің 15 өңірінен 30-дан астам спортшы қатысып, 4 номинация бойынша сайысқа түсуде: комби еуропалық және латынамерикалық, дуэт еуропалық және латынамерикалық, сингл ерлер және әйелдер, сингл жасөспірімдер ұлдар және қыздар. Чемпионат 15 желтоқсанға дейін жалғасады.
«Елімізде пара би спорты қарқынды дамып келеді. Ұлттық құрама спортшылары әлем, Азия чемпионаттары мен ірі халықаралық турнирлерде жоғары нәтижелер көрсетіп, жүлдегер атануда. Бұл спорт түрі бойынша Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі ерекше. Осы орайда, биыл алғаш рет елордамызда пара би спортынан Азия және Тынық мұхиты аймағының ашық чемпионатын ұйымдастыру мәртебесіне ие болдық. Бұл — халықаралық спорт қауымдастығының елімізге деген зор сенімінің белгісі. Жарыстың жоғары деңгейде өтетініне және біздің спортшыларымыздың жарқын жеңістерге жететініне сенімдімін», — деді Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы директорының орынбасары Лескен Есекеев.
Айта кетсек, Астанада Азия және Тынық мұхиты аймағының чемпионаты 16-17 желтоқсан аралығында өтеді. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Тайвань, Жапония, Оңтүстік Корея, Мексика, Қытай (Гонконг) елдерінен 60-тан астам спортшы қатысады.