Паделден алғашқы ел чемпионаты елдің үздіктерін анықтады

Паделден алғашқы ел чемпионаты елдің үздіктерін анықтады

Алматы қаласында ересектер арасындағы Қазақстан Республикасы тарихындағы алғашқы паделден ел чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport+.

Турнир 30 маусым мен 1 шілде аралығында ADD Padel and Table Tennis Center корттарында өтті. Екі күнге созылған жарыста еліміздің үздік спортшылары ерлер және әйелдер санатында Қазақстанның тұңғыш чемпиондары атағы үшін бақ сынады.

Ерлер арасында чемпионаттың алтын медальдарын Евгений Данилов пен Жәнібек Үмбетов жеңіп алды. Тартысты өткен финалда олар Родион Пак пен Никита Сидоровты 7:6, 6:3 есебімен жеңді. Қола жүлдені Жақас Қозбақ пен Алдияр Мұздыбаев иеленді.

Әйелдер арасында Мария Синицына мен Альбина Хабибулина чемпион атанды. Финалда олар Айгерім Сүлеймен мен Татьяна Гиоргадзеден 6:4, 7:5 есебімен басым түсті. Қола жүлдеге Анель Кильдиярова мен Альбина Матвеева қол жеткізді.

Алдағы күндері Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшылары Әзербайжанға аттанып, онда өтетін FIP Bronze Baku халықаралық турниріне қатысады. Одан кейін қазақстандық паделшілер Индонезиядағы FIP Bronze Jakarta халықаралық турнирінде өнер көрсетеді. Ал маусымның басты жарысы қыркүйек айында Жапонияда өтетін Азия ойындары болмақ.