logo

Өз футболшыларымыздың ойнағанын қалаймын: Спорт министрі легионерлерге қатысты мәлімдеме жасады

Өз футболшыларымыздың ойнағанын қалаймын: Спорт министрі легионерлерге қатысты мәлімдеме жасады

Еліміздің Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев легионер футболшылардың көптігіне қарсы екенін, өз елімізде отандық футболшылар ойнағанын қалайтынын айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Еске салайық, Қазақстан футбол федерациясы биыл ҚПЛ-де легионерлер санына қойылған шектеуді алып тастаған болатын. Яғни, енді әр клуб алаңға қалағанынша шетелдік ойыншыларды шығара алады. Бұл өз кезегінде спорт жанашырларының, Мәжіліс депутаттарының наразылығын тудырды.

«Бір жаңалықпен бөліскім келеді. Қазір Мәжіліс депутаттарының бастамасымен «Спорттағы легионерлер туралы» заң жобасы қаралып жатыр. Бұл заңның нормалары легионерлерді мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға толық тыйым салады. Бұл норма қазірдің өзінде қатты талқылануда.

Әзірге Қазақстан Премьер-лигасында легионерлер ойнап жатыр. Оларға ешқандай лимит жоқ. Легионерлерге қойылған шектеудің алынып тасталуы өзін-өзі қаншалықты ақтайтынын көреміз. Қазіргі кезде стадиондар жанкүйерлерге толық жиналып жатыр. Енді алда ұлттық құрама Армения және Әзербайжанмен жолдастық кездесу өткізеді.

Одан кейін күзде Ұлттар лигасының матчтары бар. Енді осы легионерлердің көптеп келуі ұлттық құрама ойыншыларының шеберлігінің өсуіне қаншалықты әсер ететінін көреміз. Мен Спорт министрі әрі бұрынғы спортшы ретінде елімізде тек отандық спортшылардың ойнағанын қалаймын. Ал клубтық жүйені жекеменшікке беру керек. Инвесторлар қолдарына алып, легионерлерге қалағанынша төлесін.

Ол үшін алдымен тауар тартымды болуы тиіс. Бәсекеге сай чемпионат жасай алсақ, инвесторлар келеді. Біз түптің түбінде осыған жетуіміз керек», - дейді министр.