Отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Отырып ойнайтын волейболдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионатының жартылай финалына шықты

Қазақстанның отырып ойнайтын волейболдан ұлттық құрамасы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетуді жалғастырып, жартылай финалға жолдама алды, деп хабарлайды Sport+ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

15 шілдеде өткен ширек финалдық кездесуде қазақстандық параспортшылар Руанда құрамасын 3:0 (25:8, 25:13, 25:20) есебімен сенімді түрде жеңіп, әлем чемпионатының үздік төрт командасының қатарына енді.

Осыған дейін Қазақстан құрамасы топтық кезеңді сәтті аяқтап, 1/8 финалда Польша құрамасын айқын басымдықпен ұтқан болатын. Ал Руандаға қарсы жеңіс командаға әлем біріншілігінің медальдары үшін күресті жалғастыруға мүмкіндік берді.

Енді жартылай финалда Қазақстан құрамасы Иран командасымен кездеседі. Маңызды матч 16 шілдеде Қазақстан уақытымен сағат 13:00–де басталады.