Нұрқанат Әжіқанов: Мақсатым - жыл соңына дейін әлемдік рейтингте көш бастау

Каратеден Ханчжоудағы Азия ойындарының жеңімпазы, әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері және үш дүркін Азия чемпионы Нұрқанат Әжіқанов Sport+ тілішісіне берген сұхбатта 2025 жылдың алғашқы жарысы — Париждегі турнирге дайындығы жайында айтып берді:
«Париждегі турнир біз үшін өте маңызды. Өйткені аталмыш Премьер Лига санатында жылына төрт жарыс өткізіледі. Оған қоса бұл - рейтингілік турнир, демек әлемдік рейтингте өз орнымызды сақтап қалу үшін бәсекеге түсеміз. Әр салмақ дәрежесінде тек 32 үздік спортшы қатыса алатыны оның деңгейін көрсетіп тұрғандай.
Биыл қараша айында әлем чемпионаты өтеді. Біріншілікке дейән әлі біраз уақыт болса да, біз қазірден бастап әлем чемпионатына қажетті ұпайымызды жинап үлгеруіміз керек.
Жылдың бірінші жарысы болғандықтан, жеңіспен бастағым келеді. Қарсыластарымды жақсы танимын. Біразымен осы уақытқа дейін аренада күш байқастық. Басты қарсыластарым Мысыр, Түркия, Франция өкілдері, олар әлемдік рейтинг басында тұр. Қазіргі уақытта өзім екінші орындамын. Мақсатым - жыл соңына дейін бірінші орынға көтерілу.
Бір аптадан асты Марсельде (Франция) шетелдік спортшылармен бірге оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатырмыз. Дайындығым жақсы. Бірнеше күннен кейін Парижге барып, жарыс алаңына шығамыз. Физикалық, тактикалық тұрғыда елден жоғары деңгейде дайындалып келдім»
Karate-Premier League турнирі 24-26 қаңтар аралығында Парижде өтеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталатын соңғы жарыс күнін тікелей эфирде Sport+ телеарнасы көрсетеді.