Нариман Құрбановтың жарыстарға оралу мерзімі белгілі болды
Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының көшбасшысы, Париж Олимпиадасының жүлдегері Нариман Құрбанов жарақатына байланысты Әлем кубогының алғашқы кезеңдеріне қатыса алмайды, деп хабарлайды Sport+ ҰОК-ке сілтеме жасап.
«Нариман мен Зейнулла Прагада (Чехия) орналасқан гимнастика базасында жеке жоспарлар бойынша дайындықтарын жалғастыруда. Құрбанов әлі толық қалпына келген жоқ. Гимнаст Әлем кубогының үшінші кезеңіне (Түркияның Анталия қаласында өтеді) жаңа бағдарламасын дайындап жатыр.
Ол ұлттық құраманың сапында, бірақ жарыстарға наурыз айынан бастап қатысады. Осы уақытқа дейін қажетті дайындық деңгейіне жетеді деп жоспарлап отырмыз», – деп атап өтті Қазақстан құрамасының бас бапкері Александр Ким.
Әлем кубогының бірінші кезеңі 20-23 ақпан аралығында Германияның Котбус қаласында өтеді. Әлем кубогының екінші кезеңі 6-9 наурыз аралығында Бакуде (Әзербайжан), ал үшінші кезеңі 20-23 наурыз аралығында Анталияда (Түркия) өтеді.