Министр бокстағы лицензиялар жайында айтты
ҚР туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев жақында ғана лицензиялық турнирден келген боксшылардың нәтижесі жайында айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan
"Бокстан Италияда өткен лицензиялық турнирде ерлер құрамасы 5 лицензия иеленіп, жоспарды минималды түрде орындады. Бізде 7 олимпиадалық салмақ бойынша қоржынымызда 6 жолдама бар.
Жолдама алу — шаруаның жартысы ғана. Әрине, бұл еңбек. Алайда басты жарыс 4 айдан кейін басталады. Олимпиада — 205 елден ең мықты спортшылар сынға түсетін дода. Оңай болмайды. Ендігі басты мақсат — отандық атлеттердің Олимпиада кезінде спорттық қалыптарының жоғарғы деңгейінде болуы. Олар жазға дейін көптеген халықаралық турнирлерге қатысып, шеберліктерін шыңдайды. Бұнымен жұмыс жасау керек.
Ал Италиядағы дода өкінішке қарай, әйелдер құрамасындағы барлық мәселені көрсетіп берді. Біздің қыздарға функционалдық және физикалық дайындық жетіспейді. Тағы бір мәселе — қосалқы құрамның аздығы. Лайықты ізбасарлар жоқ. Бұл біздің де олқылығымыз. Сондықтан үлкен сараптама жүргізіп, қателіктермен жұмыс істелуі қажет.
Таиландтағы турнирге іріктеу қатаң түрде өтеді. Міндет — әйелдерде 3-4 лицензияға қол жеткізу. Сондықтан жағдайды дұрыс бағамдап, эмоцияға берілмеуіміз қажет. Таиландтағы және ең бастысы Париждегі жарыстың дайындығына толық кірісуіміз керек.
Алда 63 лицензиялық және рейтингтік турнирлер бар. Мақсат — 20-25 спорт түрінен 80-ге жуық лицензия иелену.