Канвон-2024: Қазақстандық конькиші Олимпиаданы 11-орынмен аяқтады
Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында бүгін конькимен сырғанаудан қыздар және ұлдар арасында қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының соңғы жүлде жиынтығы сарапқа салынды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Конькимен сырғанаудан жерлестеріміз Олимпиададағы барлық қашықтықтағы сайыстарды аяқтады.
Қыздар арасындағы масс-старт сайысының финалдық кезеңіне әпкелі-сіңлілі Кристина Шумекова мен Алина Шумекова қатысқан болатын. Өкінішке қарай, финалдық кезеңде 3-орында келе жатқан Алина Шумекова өзге спортшымен қақтығысып қалып, жүлдеден тыс қалды. Ал Кристина Шумекова жарысты 12-орынмен аяқтады.
Ерлер арасында финалдық сында жүлдеге таласқан жалғыз жерлесіміз Руслан Жанәділов Олимпиаданы 11-орынмен аяқтады.
Жарыс қорытындысы қыздар арасында:
1-орын - Нидерланды - Ангел Далеман (Олимпиадада 3 дүркін чемпион атанды)
2-орын - Нидерланды - Жасмижн Винхуис
3-орын – Қытай - Юнжи Луи
12-орын – Қазақстан - Кристина Шумекова — 5:58.38
Ұлдар арасында:
1-орын - Германия - Финн Соннекалб (3 дүркін Олимпиада чемпионы атанды)
2-орын Қытай - Баошуо Пан
3-орын – Норвегия - Ейрик Андерсен
11-орын – Қазақстан - Руслан Жанәділов — 5:31.80
Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік Кореядағы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын спорттың 5 түрінен 10 дисциплина бойынша 41 спортшы қорғап жатыр.