Ильфат Абдуллин: Жаңа маусымдағы ең басты дода – 2025 жылғы әлем чемпионаты
Садақ атудан Қазақстан командасының өкілі Ильфат Абдуллин жазғы маусымның соңғы додасына дайындалып жатыр. Алда Қазақстан кубогінің финалдық кезеңі, одан соң құрама 2025 жылғы әлем чемпионатына дайындалады. Бұл туралы спортшы Olympic.kz-ке берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqtsan.
«Маусым өте қарқынды және ауыр болды. Бірақ Париждегі Олимпиададан кейін спорттан біршама демалдым. Балық аулауға, аң аулауға бардым. Тіпті үйде жөндеу жұмыстарын жасап алдым (күледі).
Қазіргі таңда жаттығулар жоспар бойынша өтіп жатыр. Қарқынды деп айта алмаймын, бірақ көлемді орындап жатырмыз. 13-20 қазан күндері Қазақстан кубогінің финалдық кезеңі өтеді.
Соған дайындалып жатырмыз. Бұл жазғы маусымның соңғы додасы болмақ. Одан ары қысқы маусым жаттығуларын орындар үшін басқа ғимаратқа ауысамыз.
Әзірге жиындар жоқ, бірақ жыл соңына қарай оқу-жаттығу жиындары өтеді деген жоспар бар. 2024 жылы екі сайыс бар. Бұл жоғарыда атап өткен Шымкентте өтетін Кубок. Екіншісі — Астанада өтетін халықаралық турнир, бірақ ол ғимарат ішінде болады. Сонымен болды, күнтізбені жабамыз.
Айналым өте күрделі болды. Біз Токиодан соң Париждегі додаға белсенді дайындалдық. Бастысы, жарақат алмадым. Өзімді жақсы сезінемін.
Қыста жалпы физикалық дайындық деңгейін арттыруға мән береміз. Ары қарай 2025 жылғы әлем чемпионатына дайындаламыз. Бұл жаңа маусымдағы басты дода болмақ. Оған қоса командамызды Азия ойындарына да ақырындап дайындап жатырмыз», — деді Ильфат.