Ғалымжан Балабек: Алтын медаль алуға 2,5 секунд жетпей қалды
Қазақстандық жүзгіш Ғалымжан Балабек Ислам ынтымақтастығы ойындарында күміс медаль иеленді. Ол бұл жетістікке эстафеталық кезеңде қол жеткізгенін атап өтті.
Спортшының айтуынша, денсаулығына байланысты 1500 метр қашықтықта бақ сынай алмаған.
«Бүгінгі жарыста эстафеталық кезеңде күміс медаль иелендік. 1500 метр қашықтықта денсаулығымның жағдайына байланысты қатыса алмай қалдым. Алда әлі эстафета бар, сонымен қатар жеке дистанцияда 200 және 400 метр арақашықтықта өнер көрсетемін. Алтын медаль алуға 2,5 секунд жетпей қалды. Бұл сайыстарда Түркия елінің өкілдерімен әрдайым қарсылас боламыз — 1 және 2 орындар үшін таласамыз. Жарыстың төртінші күні 100 метрден 4 рет жүземіз. Осы қашықтықта бірінші орын таласамыз», — деді Балабек.
Осылайша, қазақстандық спортшы Ислам ынтымақтастығы ойындарындағы алғашқы жүлдесін жеңіп алып, алдағы күндері өтетін жарыстарда алтын медаль үшін күрес жалғастыратынын жеткізді.