logo

Ендігі мақсат - UFC-ден жеңіспен оралу: Бекзат Алмахан

Ендігі мақсат - UFC-ден жеңіспен оралу: Бекзат Алмахан

26 жастағы қазақстандық файтер Бекзат Алмахан UFC-ге қалай шақырту алғанын айтып берді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Ол бұған дейін Орталық Азияның үздік промоушендерінің бірі Octagon-да жеңіл салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен. Кәсіпқой мансабында жалпы есепте 18 жекпе-жек өткізіп, тек біреуінде ғана қарсыласына есе жіберді. Десе де соңғы 9 жұдырықтасуында жеңіс тұғырынан көрінді. Сұхбатта алдағы жоспарларымен бөлісіп, өз салмағында кімдерді мықты қарсылас көретінін де ашып айтты.

- Бекзат, алдыңызда Американы бағындыру мақсаты тұр. UFC-ге мүше болғаныңызбен құттықтаймыз! UFC промоушенімен келісімшартты өзіңіз қалай қабылдадыңыз?

- Құттықтауларыңызға көп рақмет! Әрине, өзім де бұл ұйымға кіргеніме қатты қуаныштымын. Ендігі мақсат - UFC-дан жеңіспен оралу.

- Бұл ұйымға ауысатыныңыз туралы ақпарат бұрыннан бар. Келісімшарт неше жекпе-жекке?

- UFC-ға шақырту соңғы жекпе-жектен кейін айтылды. Келісімшарт әдеттегідей, 4 жекпе-жек бекітілген.

- UFC-ге келісімшартқа отырғаннан кейін кім бірінші болып құттықтады?

- Келісімшартқа отырған соң инстаграм парақшасында жарияладым. Оны алғашқылардың бірі болып туысқандарым көріп, жылы лебіздерін жеткізді. Артынша оқырмандарым құттықтады. Баршаңызға алғысым шексіз!

- Алғашқы жекпе-жегіңіздің қашан өтетіні анықталды ма? UFC-де қай жауынгермен жұдырықтасқыңыз келеді?

- Әзірге белгісіз. Өзім де күтіп отырмын.

- Сіздің салмағыңызда өнер көрсететін UFC жауынгерлерінің қайсысы ұнайды?

- Менің салмағымда мықты жауынгерлер өте көп. Солардың бірегейі - Шон О'Мэлли мен Петр Ян. Өте мықты жұдырықтасатын жауынгерлер.



Күн шежіресі