Елордалық спортшылар Өзбекстанда жеңіс тұғырынан көрінді
Өзбекстан Республикасының Наманган қаласында волейбол, баскетбол, қол добы (гандбол) сынды спорт түрлерінен 16 жасқа дейінгі жасөспірім ұлдар арасында халықаралық турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Үш спорт түрінен өткен дүбірлі додаға Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан елдерінің командалары қатысты. Қазақстанның команда құрамында қалалық спорт басқармасына қарасты N°5 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің тәрбиеленушілері өнер көрсетті.
16 жасқа дейінгі ұлдар арасындағы халықаралық турнир ойындарының нәтижелері бойынша волейболдан ел намысын қорғаған Астаналық құрама командасы жеңіс тұғырынан көрінді. Екінші және үшінші орындарға Өзбекстан Республикасының Наманган қаласының спортшылары еншіледі.
Ал баскетбол жарысының қорытындысы бойынша бірінші орынды Наманган қаласының баскетболшылары иеленсе, күміс медаль отандастарымызға (Астана қ.) бұйырды. Үздік үштікті Қарақалпақстаннан келген спортшылар қанағат тұтты.
Қол добынан сынға түскен жерлестеріміз екінші орынға жайғасса, бірінші орын Намангандықтардың еншісінде қалды. Үштікті Тәжікстан Республикасының спортшылары иеленді.
Жарыс барысында Наманган облысының жастар саясаты және спорт басқармасының басшысы Анварджон Туйчиев Астана қаласының спорт өкілдерін арнайы қабылдады.
Турнир алдында екі тараптың спорт саласындағы келіссөздер басталып, екі елдің арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында Меморандумға қол қойылды.