28–29 қарашада Астана таеквондодан әлемдік Гран-при сериясының финалын алғаш рет қабылдайды. Байрақты додаға алты Олимпиада чемпионы, 13 Олимпиада ойындарының жүлдегерлері, 15 әлем чемпионы мен 20 жүлдегері қатысады. Жарыс Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.
Қазақстандық Тамирлан Тілеулес бақ сынайтын −58 кг салмақта соңғы екі Олимпиаданың чемпиондары — оңтүстіккореялық Пак Тэ Джун мен италиялық Вито Делль’Аквила сынға түседі. Екеуі де әлем чемпионатында топ жарған. Бұл салмақта әлем чемпиондары Абольфазл Занди мен Со Ын Су, сондай-ақ Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Гашим Магомедов те өнер көрсетеді.
−68 кг салмақта төрт әлем чемпионы — Нажмиддин Косимхожиев, Марко Голубич, Омар Гергели Салим және Токио Олимпиадасында қола алған Чан Джун бақ сынайды. Париж Олимпиадасының жүлдегерлері Зайд Карим мен Эдиваль Понтес, сондай-ақ биыл Муджу мен Париждегі Гран-при кезеңдерінде топ жарған Джинхо Мун да осы салмақта жүлдеге таласады.
−80 кг салмақта Бразилия өкілі, әлем чемпионы Энрике Маркес бақ сынайды. Ал +80 кг салмақта Олимпиада чемпиондары — ирандық Ариан Салими мен ресейлік Владислав Ларин, сондай-ақ әлем чемпиондары Сейф Исса мен оңтүстіккореялық Санхён Кан, италиялық Симоне Алессио мықтыны анықтайды.
Әйелдер арасында −49 кг салмақта Қазақстан атынан Рита Бакишева өнер көрсетеді. Бұл салмақта Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Адриана Сересо Иглесиас, 2022 жылғы әлем чемпионы Даниэла Паола Соуза және биылғы үш кезеңнің жеңімпаздары Алиса Ангелова, Сяолу Фу мен Цзиньюэ Ма қатысады. Қазақстан құрамасы сапында Париж кезеңінің қола жүлдегері Мария Севостьянова (−57 кг) мен Азия ойындарының қола жүлдегері Батырхан Төлеуғали (−80 кг) да бақ сынайды. Мария Севостьяновамен бірге Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы оңтүстіккореялық Ю-Джин Ким, Бразилияның әлем чемпионы Мария Клара Пачеко және ирандық әлем чемпионы Нахид Кияничанде сынға түседі.
−67 кг салмақта Париж Олимпиадасының чемпионы венгриялық Вивиана Мартон өнер көрсетеді. Ал +67 кг салмақта Бельгия өкілі, әлем чемпионы Сара Шаари жүлдеге таласады.
Финалда сегіз олимпиадалық салмақ дәрежесінде 16 спортшыдан бақ сынайды. G-10 санатындағы турнирде алтын жүлдеге 100, күміске 60, қолаға 36 рейтингтік ұпай беріледі. Бұл ұпайлар Лос-Анджелес-2028 Олимпиадасына іріктелу үшін маңызды.
