Елордалық спортшы XX қысқы Сурдлимпиада ойындарының ашылуында көк туымызды ұстап шығады
Алматы қаласында есту қабілеті зақымданған спортшылар арасында өтетін XX қысқы Сурдлимпиада ойындарына ұлттық құраманы ресми шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
ХХ қысқы Сурдлимпиада ойындары Түркияның Эрзурум қаласында 2-12 наурыз күндері өтеді.
Дүбірлі додаға 36 мемлекеттен 1 000-ға жуық спортшы қатысады. Жарыста тау шаңғысы, сноуборд, шаңғы жарысы, шахмат, футзал және керлинг спорт түрлерінен 34 комплект медаль ойнатылады.
Қазақстан тарапынан осы қысқы ойындарға шахмат, сноуборд және шаңғы жарысынан 26 спортшы қатысады. Байрақты бәсекеде ел намысын шахмат жарысы бойынша қос астаналық сурдо спортшы Әлия Мұратова мен Сұлтан Қожахметов қорғайды.
Іс-шара барысында қысқы Сурдлимпиада ойындарының ашылу салтанатына еліміздің туын ұстап шығу мәртебесі шахматтан әлем чемпионатының қола жүлдегері елордалық Сұлтан Қожахметовке тапсырылды.
Спортшыға туды Сиднейде өткен жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Ермахан Ыбрайымов табыс етті.