Елордада спорт күніне арналған бұқаралық велошеру өтті
Бүгін Астанада 400-ден астам адамның қатысуымен спорт күніне орайластырылған бұқаралық велошеру өтті, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Велоспортпен айналысатын астаналықтар бүгін таңғы сағат 7-ден бастап Қосшы жақтағы айналма жолдың бойына жиналды.
Бұл жолы велошеруге қатысуға 406 адам ниет білдірген. Олардың ең егдесі 68 жаста, ал кішісі небәрі 6-дағы балақай. Барлығы бірге айналма жолдан бастап Үркердегі «Жасыл белдеу» тұрғын алабының саябағына дейінгі 25 шақырым жерді жүріп өтті.
Шараға қатысушылардың кейбірі таныстарымен және отбасы мүшелерімен бірге келген. Солардың бірі қала тұрғыны Алмат Елемес балаларына үлгі болу үшін өзі де спортпен айналысып жүргенін айтты. Бүгінгі велошеруге қызын және туысының баласын ертіп келіпті.
«Өзім осымен үшінші мәрте велошеруге қатысып отырмын. Бұл жолы 9-сыныпта оқитын қызым мен інімнің баласы менімен бірге келіп, жарысқа қатысты. Жарыс жақсы ұйымдастырылған, арнайы бекітілген адамдар бізге жол көрсетіп, бағыт сілтеп тұрды. Өзім осындай шараларға қатысып жүргеніме қуанамын және қала әкімдігі мен Дене шынықтыру және спорт басқармасына алғысымды айтамын», - деді ол.
Шара аяқталғаннан кейін велосипедшілер арасында лотерея және бағалы сыйлықтар ойнатылды.