logo

Допинг дауына байланысты шеттетілген ауыр атлет ел чемпионы атанды

Допинг дауына байланысты шеттетілген ауыр атлет ел чемпионы атанды

Талдықорғанда өткен ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионатында Любовь Ковальчук 16 айлық дисквалификациядан кейін чемпиондық атақты жеңіп алды, деп хабарлайды Sport+.

Спортшы +87 келі салмақ дәрежесінде 255 келі (110+145) көтеріп, ең мықты ауыр атлет атанды. Екінші орынды Жетісу облысының өкілі Аида Ибраим 182 келімен (81+101) иеленсе, қола медаль Қызылорда облысынан Сандуғаш Хауметоваға 135 келімен (60+75) бұйырды.

Бұл турнир Ковальчук үшін допинг дауына байланысты дисквалификациядан кейінгі алғашқы жарыс болды. 2023 жылы Любовь Ковальчук пен 22 жастағы Андас Самарқанов допинг-тесттен өте алмай, спорттан уақытша шеттетілген еді.

Континенттік чемпионаттан кейін олардың сынамаларынан тыйым салынған SARMS S-23 препаратының іздері табылған болатын. Алғашында спортшыларға төрт жылдық дисквалификация қаупі төніп тұрды. Алайда, Қазақстан ауыр атлетика федерациясы өз тергеуін жүргізіп, американдық заңгердің көмегімен препараттың спортшылардың ағзасына ескі команда арқылы алынған спорттық тағамнан түскенін дәлелдеді.