logo

Цинциннати турнирі: Юлия Путинцева жұптық сында да жеңіске жетті

Цинциннати турнирі: Юлия Путинцева жұптық сында да жеңіске жетті

Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева жұптық сында Цинциннати (АҚШ) WTA 1000 турнирінің 1/8 финалына жолдама алды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.

Қазақстандық теннисші канадалық Лейла Фернандеспен бірге алғашқы айналымда жапониялық Мию Като – индонезиялық Алдила Сутьядимен бетпе-бет келді.

Бірінші партияда тай-брейкте қазақстандық-канадалық жұп әбжілдік танытты – 7:6 (8:6).

Екіншісінде доданың фавориттері саналған жапониялық-индонезиялық дуэт қарымта қайырды – 6:3.

Супер тай-брейкте жеңіс Путинцева – Фернандестің еншісінде кетті – 10:4. 1 сағат 40 минутқа созылған матчта екеуі 3 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың бесеуінде көздегеніне жетті. Като – Сутьяди 10 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды.

Юлия Путинцева – Лейла Фернандес ширек финалға шығу үшін америкалықтар Кэролайн Доулхайд – Дезире Кравчикпен таласады.

Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 48-ракеткасы Анна Данилина ресейлік Ирина Хромачевамен бірге алғашқы айналымнан аса алмады. Олар чехиялық Линда Носкова – ресейлік Диана Шнайдерге есе жіберді – 6:7 (5:7), 4:6.

Жекелей сында бүгін Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина рейтингіде 27-орындағы Л.Фернандеспен кездеседі.

Ю.Путинцева әлемнің 2-ракеткасы, америкалық Кори Гауфпен ойнайды.

Жүлде қоры 3,2 млн АҚШ долларынан асатын жарыс жеңімпаздары 1 мың рейтингілік ұпайға ие болады.