Бокстан жастар құрамасы Сербияда бес жүлдеге ие болды
Сербияда бокстан аяқталған халықаралық турнирде қазақстандық жас боксшылар бес медаль иеленді, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Суботица қаласында 26 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында өткен турнирде Қазақстаннан тоғыз спортшы қатысқан болатын.
Дәулет Боранқұлов (51 келі), Рамазан Орынбасар (54 келі), Әділет Ерманов (54 келі), Жәңгір Алдаберген (67 келі) және Даниял Райымбеков (92 келі) турнирдің қола жүлдегерлері атанған.
Аталған бес боксшы тегіс жартылай финалда есе жіберіп отыр. Айта кететін жайт, Сербиядағы халықаралық бәсекеге Қазақстан, Грузия, Әзербайжан, Словения, Австрия, Шотландия, Беларусь, Черногория, Босния және Герцеговина, Румыния, Латвия, Польша, Косово, Ресей және Сербиядан боксшылар қатысқан болатын.