Бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов жауапты қызметке тағайындалды
Бокстан әлем чемпионы Мерей Ақшалов Астана қаласындағы Қ. Мұңайтпасов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжіне директор болып тағайындалды, деп хабарлайды Sport Plus Qazaqstan.
Естеріңізге салсақ, су жаңа басшы осы мектептің 2005 жылғы түлегі, бокс бөлімінің нұсқаушы-спортшысы.
Мерей Ақшалов 1988 жылы 8 мамырда Аягөз қаласында (қазіргі Абай облысы) дүниеге келді. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген спорт шебері. 2013 жылғы Әлем чемпионы, Азия чемпионы. 2010 жылғы Әскерилер арасындағы Әлем чемпионы. 2013 жылғы Азия құрлығының ең үздік боксшысы. 2013 жылғы Қазақстанның «Жыл спортшысы». 2008 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы. Спорттық мансабында 60 және 64 келіге дейін салмақ дәрежесінде жұдырықтасты.
«Құрмет» орденімен марапатталды.
Еңбек жолын Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері болып бастады. Кейін, қалалық жоғарғы спорттық шеберлігі мектебі, спорт мектебі директорының орынбасары, директоры болып жалғастырды.
ҚР Ұлттық Олимпиада Комитетінде, Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары лауазымдық қызметтерін атқарды. Ақмола облысы Шортанды ауданы әкімінің орынбасары болды.
Соңғы жұмыс орны - ҚР Туризм және спорт министрлігі, спорт және дене шынықтыру істері комитеті, спортты дамыту дирекциясының бокстан мемлекеттік жаттықтырушы.